Среда, 31 Қазан 2018 15:24

Әлемдік діндер көшбасшыларының VI съезінің қорытындысы талқыланды

Қазақстанның Таиландтағы Елшілігінің Бангкок қаласындағы бастамасымен Бүкіләлемдік буддистер қоғамдастығының штаб-пәтерінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI съезінің қорытындыларына арналған халықаралық конференция өтті. 

«Қазақстан мен Таиланд: конфессияаралық келісімге қосқан үлесі» атты конференцияның негізгі идеясы — Таиланд жұртшылығының назарын Қазақстан Республикасының әртүрлі конфессиялар арасындағы диалогты дамыту, жаһандық бейбітшілік пен келісімді нығайтудағы өзара іс-қимылын күшейту жөніндегі қызметіне аудару, сондай-ақ осы саладағы тәжірибе алмасу. Шараға мемлекеттік органдардың, қоғамдық және академиялық топтардың, діни ұйымдардың, сондай-ақ Таиландтың дипломатиялық корпусы өкілдері қатысты. Конференция жұмысында Елші Раушан Есболатова Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI съезі жұмысының қорытындыларымен таныстырды. Онда Декларацияның негізгі қағидалары, сондай-ақ пленарлық және секциялық отырыстарының тақырыптары ашылды. Қазақстан Республикасының Президенті ұсынған «Манифест. «Бейбітшілік. XXI ғасыр» атты құжатына ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар іс-шара қатысушылары Елбасының түрлі діндер, мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы бейбітшілікті, келісім мен жемісті диалогты қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық платформа құру жөніндегі бірегей бастамасын іске асыру нәтижесі ретіндегі Съездің тарихымен таныстырылды. Халықаралық конференцияға Таиландтың атынан қатысқан Бүкіләлемдік буддистер қауымдастығы президентінің кеңесшісі Т.Сучарикул және Дүниежүзілік бейбітшілік уәкілі кеңсесінің Бас хатшысы П. Товивич Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI съезі жұмысына қатысты өз пікірлерімен бөлісті. Делегаттар Съездің өзара сенім мен сыйластық атмосферасын қалыптастыру мақсатында діни және саяси лидерлердің күш-жігерін біріктіру бойынша бастамасына қолдау білдірді. Бұл олардың пікірінше тартысты жағдайлады болдырмауға көмектеседі. Сондай-ақ, Таиланд өкілдері мұндай кең ауқымды шараны ұйымдастырудың жоғары деңгейін атап өтті.

Таиланд Корольдігі Мәдениет министрлігінің Дін істері департаментінің өкілдері өз кезегінде, конфессияаралық келісімді қамтамасыз етудің ұлттық тетіктері туралы баяндады. Қазіргі таңда Корольдікте 15 діни ұйым ресми тіркелген, ал мемлекет мойындаған негізгі діндер буддизм, ислам, индуизм, сикхизм және христиан болып табылады. Тұсаукесерден кейін жемісті пікірталас өтіп, оның барысында іс-шараға қатысушылар түрлі діндер мен мәдениеттер арасындағы диалогты дамыту өзектілігі, сондай-ақ бұл тұрғыдағы Съез рөлінің маңыздылығы туралы келісімге келді.

 

kazislam.kz