Четверг, 11 Қаңтар 2018 16:17

ТЕРРОРИЗМНЕН ҚОРҒАНЫСЫ ЖОҚ БАЗАРҒА АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ

Астанадағы ірі базарлардың біріне террористерден қорғанысы нашар болғаны үшін айыппұл салынды. Бұл туралы қалалық ІІД-ге сілтеме жасап ҚазАқпарат агенттігі хабарлады. 

«Өткен жылдың қараша айында «Шапағат» коммуналдық базарының терроризмнен қорғанысына тексеру жүргізілді, нәтижесінде нысанда инженерлік-техникалық талаптарға сай келмейтін кемшіліктер анықталды. Нысанның басшысына 200 АЕК (453 800 теңге) көлемінде айыппұл салынды» делінген ведомствоның хабарламасында.

ІІД мәліметінше, жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша 2017 жылы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 149-бабы «Террористiк тұрғыдан осал объектiнiң терроризмнен қорғалуын қамтамасыз ету және қауiпсiздiгiнiң тиiстi деңгейiн сақтау жөнiндегi мiндеттердi орындамау және (немесе) тиiсiнше орындамау» бойынша 34 нысан әкімшілік жауапқа тартылған.