Среда, 31 Қазан 2018 15:29

Айнұр Әбдірәсілқызы: Радикалдарға қатысты қандай шаралар жүргізіліп отырғанын айтты

Дәстүрлі емес исламды ұстанушыларға, олардың отбасына мемлекет тарапынан мақсатты түрде көмек көрсетіледі деген ұғым тумауы тиіс. Мұндай мақсатты әрекет жоқ, болуы мүмкін де емес. Бұл туралы бүгін ҚР қоғамдық даму министрлігі қоғамдық келісім комитетінің ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызы конференция барысында айтты, деп хабарлайды  тілшісі. 

Орталық директоры теріс ағымда жүрген азаматтарға мемлекет тарапынан неліктен көмек көрсетілетінін түсіндірді.

"Біріншіден, дәстүрлі емес исламды ұстанушыларға, олардың отбасына мемлекет тарапынан мақсатты түрде көмек көрсетіледі деген ұғым тумауы тиіс. Мұндай мақсатты әрекет жоқ, болуы мүмкін де емес. Мәселе мынада: дәстүрлі емес немесе радикалды ағым идеологиясына елітіп жүрген тұлғалармен тұрақты түрде оңалту жұмыстары жүргізіледі. Өйткені мұндай ағымдардың мемлекет және қоғам үшін, оның ішінде діндар азаматтардың өздері үшін залал-зардабы шаш-етектен. Мемлекет үшін әрбір азаматтың орны бөлек, өйткені ата заңымызда айтылғандай, мемлекеттің ең басты байлығы — адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Сондықтан дәстүрлі емес ағымда жүрсе де мемлекет өз азаматын сыртқа теппейді, керісінше дәстүрлі қоғам құндылықтарына оралту үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды", — деді маман Астана қаласында "Жастарды рухани-адамгершілікке тәрбиелеудегі және радикалды діни идеологияға қарсы иммунитет қалыптастырудағы әйелдер ұйымдарының рөлі" атты конференция барысында.

Мұнымен қатар, Айнұр Әбдірәсілқызы дәл осындай себептермен бұл азаматтармен жұмыс жүргізу барысында оларға зайырлы мемлекет қағидаттары мен заңнамаларын, дәстүрлі емес діни ағымдардың залалын, радикалды идеологияның зардаптары мен оларға елітудің салдарларын талдап-түсіндіріп, ұзақ та табанды түрде ақпараттандыру шаралары жүргізілетінін айтып өтті.

Бұған қоса әдетте мұндай ағым өкілдері қоғамнан оқшауланып, көбіне-көп жамағат аясында шектелетіндіктен, соның ішінде әсіресе әйел азаматтар оқу мен жұмыстан қол үзіп, күнкөріс көзі болмай қалатындықтан, көп жағдайда олар жолдастарынан талақ алып, балаларымен асыраушысыз қалатындықтан мемлекет және үкіметтік емес ұйым өкілдері, оңалту орталықтары, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан оларға адам ретінде, азамат ретінде қолдау-көмек шаралары ұйымдастырылады.

Соның ішінде қайырымдылық көмек көрсетіп, азық-түлік пакеттерін тарату, "Мектепке жол" акциясы қарсаңында балаларға киім-кешек пен оқу құрал-жабдықтарын тарату, ата-аналарының мамандық алуы үшін тегін курстар ұйымдастыру, тегін медициналық көрсету, тігін құрал-жабдықтарын тарату, ынта білдірушілерді қоғамдық ортаға кеңінен тарту үшін араб тілі мен діни курстарды ұйымдастыру, өздері жасаған бұйымдарды саудаға қою үшін жәрмеңкелер ұйымдастыру секілді түрлі шаралар жүргізіліп жатады", — деді Айнұр Әбдірәсілқызы.

Сонымен қатар, маман құқықтық сауатсыздық салдарынан жәрдемақыларға, балаларын тіркеуге қоюға, балабақшаға орналастыруға, т.б. көптеген шараға мүмкіндігі жетпей жүргендерге де кеңес беріліп, қолдау көрсетілетінін айтты. Яғни мұның барлығы оңалту жұмыстарының бір саласы — әлеуметтендіру бағытындағы қалыпты шаралар болып табылады. Бұл жұмыстардың мақсаты — әлеуметтік қолдау көрсете отырып, аталған азаматтарды қоғамға және зайырлы құндылықтарға қайта бейімдеу. Бұл тәжірибе Қазақстанда ғана емес, әлем мемлекеттерінің барлығында дерлік жүргізіледі.

"Атап айту керек, жоғарыда аталған шаралар барысында тек дәстүрлі емес ағым өкілдеріне ғана емес, көмекке зәру қатардағы қоғам мүшелеріне де жәрдем беріледі. Өкінішке орай, дәстүрлі емес ағым өкілдері тарапынан кейде өздеріне қатысты астам пікірлер де туындап жатады. Нақты айтқанда, "мемлекеттің өзі бізге барлық жағдайды жасап жатыр, демек, олар бізді мойындайды немесе қорқады" деген пікірлердің оқшауланған жамағаттар арасында тарай бастағанына біз куә болып жүрміз. Бұл орайда олар мемлекеттің дәстүрлі емес ағым мүшелерінен қорыққандықтан немесе оларды қолдағандықтан емес, адам және азамат тағдырына үлкен жауапкершілікпен қарағандықтан, құқықтық құндылықтарды құрметтегендіктен осындай ізгі қадамдарға барып отырғанын түсінбейді немесе мойындағысы келмейді", — деді ҚР қоғамдық даму министрлігі қоғамдық келісім комитетінің ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры.

Осы орайда, Айнұр Әбдірәсілқызы мұндай ұшқары пікір, шетін көзқарастарды туындатпау үшін ендігі кезекте оңалту шаралары барысында әлеуметтік қолдау көрсетуде қандай да бір қосымша шарттарды қарастыруды ұсынды. Әрі қарай ол бұл шаралардың қайтарымы болуы керектігін айтып өтті. Яғни теріс діни ағымға кірген азаматтардан осы тегін көмек пен жеңілдіктерді пайдаланғаны үшін қарымтасын алып отыру қажет. Себебі, кей азамат мұны теріс мақсатта пайдаланып, радикалды діндегілер арасында насихаттап жүр.

"Бірақ жоғарыда атап өткен шараларды тартына жүргізуге тура келеді. Олардың тарапынан қандай да бір қарымта болуы керек деген шартты заңдастырып қою керек сияқты. Өйткені соңғы кездері радикал өкілдерінің тарапынан "Көрдіңіздер ме? Мемлекеттің өзі бізге бар жағдайды жасап отыр. Құдайдың құдіретімен мемлекет бізге қызмет етуде" деген астамшылық пікірлер айтылып жүр. Бұдан өзге кейбір азаматтар "Дәстүрлі емес дінге өтіп кетсең, жақсы екен. Себебі мемлекет бар жағдайыңды жасап береді" деген ойда жүр", — деді Айнұр Әбдірәсілқызы.

Мұнымен қатар, маман бүгінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының екі бағытта жүргізіліп отырғанын айтып өтті. Біріншісі — экстремизм мен терроризм профилактикасы, яғни алдын алу шаралары. Екіншісі — радикалдардың ықпалына түскен әр әйелмен нақты жұмыс жүргізу. Мұндайда әр әйел тұлға болғандықтан, олардың әрқайсысына жеке шара тағайындалады.