Понедельник, 06 Қараша 2017 15:19

БАЛҒАБЕК МЫРЗАЕВ: БҰЛ ҚҰЖАТ БАРЛЫҚ ДІННІҢ МҮДДЕСІНЕ ТЕҢ ҚАРАЙДЫ

Бүгінде қоғам арасында ең көп талқыланып жатқан мәселе Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің бастамасымен әзірленіп жатқан Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы кейбір заңнамаларына толықтырулар мен өзгерістер енгізу болып отыр. Ең алдымен, көпшіліктің заң жобасына қызығушылық танытып, белсенділік көрсетіп отырғаны қуантарлық жағдай екенін атап өткен жөн. Дегенмен  әлеуметтік желіде болсын, бұқаралық ақпарат құралдарында болсын, кейде заң жобасындағы кейбір баптарды бұрмалап көрсету арқылы елдің арасында дүрбелең туғызатын жағдайлар кездесіп жатқаны да жасырын емес. Осындай келеңсіздіктерге байланысты дінтанушы, теология ғылымының докторы Балғабек Мырзаевпен әңгімелескен едік.

– Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заң жобасына енгізілетін өзгертулер мен толықтыруларға қатысты біршама түсінбеушіліктер бар сыңайлы. Осы мәселеден хабардарсыз ба?

– Дін саласындағы таныс достарым кездесіп қалғанда немесе телефон арқылы сөйлескенде, сондай-ақ жеке поштама хабарлама жазып, кейбір мәселелерді анықтап беруімді сұрап жатады. Жобадағы көп­тің көкейіне қонбай жүрген тақырып­тар­дың бар екенін содан ұққан едім. Негізінен, діни қызмет және діни бірлестік­тер туралы заңнама азаматтардың құқықта­рының сақталуына кепіл болуды көздейді және діннің экстремистік және басқа да деструктивті іс-әрекеттерде қолданылуын азайту мақсатында құқық нормаларын орнатуға бағытталған.

Шынтуайтында, заң жобасында сақал­дан немесе пәренжеден гөрі бірнеше маңыз­ды және салмақты дүние бар екенін біл­геніміз абзал. Онда алғаш рет діни радикализм, деструктивті идеологиялық ағым, деструктивті діни ағым және басқа да бірқатар терминдерге анықтама берілген. Деструктивті діни ағымдарды насихаттауға, идеологиясының таралуына тыйым салу қарастырылуда. Діни бірлес­тіктердің құқықтарын қорғау, олардың қызметі үшін түсінікті және ыңғайлы жағдайлар жасауға, нақтылауға, қорғауға бағытталған нормалар бар. Кейбір ниеті түзу еместер осыған көңіл бөлудің орнына, екпе шаралары бойынша тұрғындардың бір бөлігінің көңіліне күмән салғысы келеді. Бұл жерде екпе мәселесі Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің емес, Денсаулық сақтау министрлігінің құзыретіндегі нәрсе екенін де атап өту керек. Кейде мерзімі өтіп кеткен немесе сапасы өте төмен екпе егіліп, оның сал­да­ры­нан арты қайғылы жағдайға кез­десіп жатамыз. Бірен-саран дәрі­гер­лер­дің салғырттығы, өз жұмыстарына жауапсыз қарауы көптің бәрін өзімен бірге ала кетеді. Осыған мүлдем жол бермеу үшін дәрі­гер­лер­ге де түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізу керек-ақ.

Сонымен қатар кейде бар мәселені дін мамандарына жүктеп жатамыз. Олар медицина мамандары емес, тек діни тұрғыдан екпе алуға кедергі жоқ екенін ғана айта алады. Екпенің пайдасы туралы білікті әрі танымал медицина маман­дарының көбірек жазып түсіндіргендері абзал болар еді. Жалпы алғанда, медицина саласы мамандарының және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ қоғам тарапынан тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде балаларға міндетті екпе егу мәселесі әлі де жіті зерттелуі тиіс.

– Десе де, соңғы жылдары екпеден бас тарту өзекті проблемаға айналғаны рас. Вакцинаның пайдасынан залалы көп екені жө­нінде түрлі алыпқашпа әңгімелер жетерлік. Бұған не дейсіз?

– Оның рас, екпенің салдарынан жұқпалы ауруларға қарсы иммунитеті жоқ адамдардың саны артып кеткенін де статистика дәлелдеді. Олар мүгедек болып қалуы мүмкін, өлімге әкеліп соқтыратын жағдайлар да бар. Мыңдаған адам, соның ішінде балалар науқасының асқынып кеткен тұстары кездеседі. Бірақ тұтастай алғанда, біз Денсаулық сақтау министр­лігіне бұл мәселеге мұқият қарап, екпе­лердің сапасын, қызметкерлердің жауап­кершілігін жан-жақты зерттеуді ұсындық. Бүгінгі күні екпе алуды заңмен мін­дет­тейтін тармақ заң жобасынан алынып тасталған. Ол туралы Дін істері және аза­маттық қоғам министрі Н.Ермекбаев БАҚ беттерінде бірнеше мәрте ресми мәлімдеді. Бірақ қазіргі уақытта жұқпалы аурулар тез тарап жатады. Мұның салдары да қоғам үшін қауіпті. Жеке бастың мүд­де­сі­нен қоғамның мүддесі барлық уақытта жоға­ры тұруы қажет. Осыны ескере оты­рып, өзімізді ойламасақ та басқаларына зия­ны­мыз тимеуі үшін вакцина алудан қаш­па­ғанымыз абзал.

– Заң жобасындағы орамал тағу мен хид­жап киюге қатысты жолдарға тоқталсақ. Құ­­жатта бұған тыйым салу қарастырылған ба? 

– Жоқ, бұл – жалған факт. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мұсылмандардың орамал тағуына қарсы шыққан емес. Кейде мемлекет тек қана мұсылмандармен күресіп жатқандай етіп көрсеткілері келетіндер шығып жатады. Заң жобасы еліміздің аумағында ресми тіркелген 18 конфессияның жауап­кер­ші­лі­гін теңдей қамтиды. Ешкімге артықшылық танылмайды. Еліміздің Конституциясы мен салалық заңы әркімнің діни сенім бостандығын растайды, әркімнің діни көзқарасына қарамастан тепе-теңдігіне кепілдік береді және діндердің бірдей екендігінің маңызын мойындайды.

Дін істері және азаматтық қоғам министрі Н.Ермекбаев та бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында заң жобасында орамал тағу немесе хиджап кию туралы мәселе мүлде қарастырыл­ма­ға­нын, оның діндарлардың киетін киімі ешқандай қарсылығы жоқ екенін бірнеше мәрте жеткізді. Сонымен қатар Білім және ғылым министрлігі барлық орта мектеп үшін міндетті киім үлгісін бекіткен кезде де оқушылардың оқу орындарынан тысқары және сабақ аяқталғаннан кейін қалаған киімін киюге еркі бар екеніне баса назар аударды. Дегенмен мұсылман қауы­мы білім алудың да парыз екенін ескер­гені абзал. Мемлекеттің зайырлы сипатына нұсқан келтірмеу үшін заңнама талаптарын сақтау және бағыну ешкімді де діннен шығарып жібермесі анық.

Назар аударатын мәселе, заң жобасында әйелдердің нихаб, шадра, балаклава, бет­пер­де секілді киім элементтерін киюлері құқық қорғау органдарының өкілдері тарапынан олардың жеке басын иденти­фи­ка­ц­иялау мен тануға кедергі келтіретіні, нәтижесінде қоғамдық қауіпсіздікті қамта­ма­сыз ету шараларын қабылдаудың тиім­ділігін төмендететін болғандықтан, оған жол берілмейді. Бұл қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан дұрыс деп санаймын. Жоғарыда айтылғандарға мұқият қарап, жіті назар аударсақ, «Министр­л­ік діни киімге тыйым салады екен» деген қауесеттің шындыққа жанас­пай­тыны тайға таңба басқандай көрініп тұрады.

– Кейбір адамдар «Мемлекет діни неке құруға тыйым салмақ екен» деп жүр. Бұған қатысты қандай пікір білдіресіз? 

– Шындығында, мемлекет діни некеге тыйым салу мәселесін емес, оны реттеуді қолға алып жатыр. Заңға сәйкес, мем­ле­кет­тік органдарда тіркелген неке ғана та­ны­­лады. Туу, неке қию, қайтыс болу мем­ле­кет тарапынан тіркеледі. Діни рәсім­дер мемлекеттік тіркеуді толықтыра алады, бірақ оны алмастыра алмайды. Сонымен қатар ешкім діни неке қиюға, бата беруге тыйым салмайды. Бірақ олар алдымен ресми тіркеуден өту керек деген талап бар. Бірақ бұл қоғамда діни некеге қатысты проблема жоқ дегенді білдірмейді. Заң жобасының алғашқы нұсқасында діни некеге тыйым салу бойынша норманы заңнамалық деңгейде енгізу қарас­ты­рыл­ған болатын. Себебі, қазіргі таңда жат ағым­дағы қандастарымыздың қалыңдықты қолдан қолға ауыстыратыны туралы мә­лі­мет­тер баршылық. Мұны тоқтату ке­рек. Некеге жауапсыз қарауға болмайды. Елі­міздің көзі ашық, зиялы қауым өкілдері рухани-өнегелік құн­ды­лық­тарымыздан алыстап бара жатқаны­мызды шырылдап айтып жатыр. Осыған құлақ аспасақ, ертең ұрпағымызды бүлдіріп аламыз ба деген уайым менде де бер.

Діни некеде, әдетте қыздар алдауға түсіп жатады. Олардың бейресми некелік одағын жат ағымдықтар «бата алумен» шектей салады. Осылайша, қаракөздеріміз алдаудың құрбаны болады. Нәтижесінде, өрімдей жас қыз-қарындастарымыз жауап­сыз­д­ықтың салдарынан жастайынан ауыр соққы алады. Өмірге келген сәбилер жетім қалады. Діннің құндылықтарын түсінген пенде мұндай жабайылыққа бармас еді. Ай сайын талақ беріп тастап басқасына үйле­ніп жатқан еркек, ертең елін де солай тастап кетпес пе екен? Қыздарымыздың намысын аяқасты етуге ешкімнің де құқығы жоқ. Сондықтан мемлекет отбасы құндылық­тарын, бірінші кезекте әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға барынша назар аударып жатыр.

– Құжатқа енгізілетін өзгертулер мен толықтырулар әлі күшіне енген жоқ, талқы­лау­дан өту үстінде дедіңіз. Сонда жұрттың өзекті пікірлері немесе ұсыныстары әлі де қабылдануы мүмкін бе?

– Әрине, осы жерде атап өтетін маңызды мәселе, заң жобасының көпшілік ережелері қоғамның өзімен, сарапшылар және мүдделі мемлекеттік органдар тара­пы­нан ұсынылды. Ешкімнің де қай діни сенімді ұстанатынына қарамастан, құқық­тары мен бостандықтарына шек қойыл­майды.

Осы жерде Министрліктің аталған нормаларды халықтың назарына жетуін мүмкіндігінше қамтамасыз еткенін атап өтер едім. Бұрын-соңды заң жобасын алдын ала қоғам болып талқылаған кез есімде жоқ. Министрлік заң жобасын ашық талқылауға шығару арқылы қоғамдағы көкейтесті пікір­лерді ала білді. Бұл өз кезегінде бола­шақ­та туындауы мүмкін деген тәуекел­дер­дің алдын алуға мүмкіндік берді. Мысалы, ауылдық жерлерде некені тіркейтін ресми мемлекеттік орган жоқ. Қалыптасқан дәс­түр бойынша ауылда келін түсірген соң оны қашан заңды некеге тұрады деп күт­пес­тен, молда шақырып, неке қия береді. Сондықтан алдымен осындай мәселелерді шешу тетіктерін жасау орынды деген қорытындыға тоқтады. Деструктивті ағымдардың некені ойыншыққа айналды­руы­на жол бермеудің жолдары бәрібір қарастырылады. Заң жобасы деструктивті діни ағымдардың сипатын жасау бары­сын­да діни некеге тағы да тоқталар деген сенімдемін.

Қорыта айтқанда, заңнама жобасын­да­ғы ұсыныстар басқа да көптеген мемлекет­тік органдардың мәселелерін қамтиды, сондықтан ол – ұжымдық жұмыс. Қазір заң жобасы талқылау кезеңінен өтуде және тиісті өзгерістер енгізілуде. Бұл – қалыпты жұмыс үрдісі. Жекелеген тұлғалар өз пікір­лерін, пайымы мен уайымы немесе қарсы болған тұстары бойынша ұсыныс­та­рын ен­гізетін болса, министрлік барлық сын­дар­лы арыз-шағым, талаптарды назарға алуға дайын. Бұл құжат өте нәзік саланы реттеуге арналып отыр. Сондықтан оны қарау барысында қалыптасқан ахуал мен қоғамның қажеттіліктерін дұрыс түсінуіміз маңызды.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан  Қуаныш ТӨЛЕУХАН,


Kazislam.kz